Шетел азаматтарының АҚШ аумағына кіруінің жаңа ережелері туралы

Шетел азаматтарының АҚШ аумағына кіруінің жаңа ережелері туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 3 қараша – Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 2021 жылғы 8 қарашадан бастап АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің сапасы бойынша санитарлық қадағалау басқарамасы немесе ДДҰ мақұлдаған препараттармен COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды растайтын сертификаты (паспорты) бар адамдарға ғана АҚШ аумағына кіруге рұқсат етіледі.

Бекітілген тізімге Pfizer-BioNTech, Moderna, Johnson&Johnson, AstraZeneca, Covishield, BIBP/Sinopharm, Sinovac сияқты вакциналар кіреді.

Осыған байланысты, аталған сертификаттар вакцинацияға жауапты мемлекеттік орган бекіткен нұсқа бойынша ресімделуі тиіс. Бұл құжаттардың түпнұсқалығын авиакомпания қызметкерлері АҚШ-қа ұшқанға дейін тіркеу кезінде тексереді.

Сонымен қатар, жаңа талаптар 18 жасқа дейінгі балаларға, вакцинациялауға құжатпен қарсы көрсетілімдері бар адамдарға, сондай-ақ дипломатиялық, қызметтік және транзиттік санаттағы визалары бар мемлекеттік қызметшілерге немесе олардың отбасы мүшелеріне және халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне қолданылмайды.