2018 жылғы 20 ақпанда ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ирактағы жағдайға арналған отырысына қатысты. Аталған іс-шарада БҰҰ Бас хатшысының Ирактағы Арнайы өкілі Ян Кубиш осы елдің халқы «ИШИМ/ДАИШ» лаңкестік ұйымын жеңгеннен кейінгі Ирактағы жағдай бойынша баяндама жасады.
Өз сөзінде М.Тілеуберді Ирак қауіпсіздік күштері мен халықаралық коалицияның «ИШИМ/ДАИШ» лаңкестік ұйымымен күрестегі еңбегін атап өтті. Сондай-ақ БҰҰ-ның Иракқа көмек көрсету жөніндегі миссиясы және Арнайы өкіл Ян Кубиш бастаған Ирактың аумағындағы БҰҰ-ның басқа мамандандырылған мекемелерінің қызметіне оң баға берді. Қазақстанның делегациясы түрлі саяси партиялар мен қозғалыстар арасында дінаралық және ұлтаралық келісімге қол жеткізудегі БҰҰ-ның Иракқа көмек көрсету жөніндегі миссиясы жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Ирактың БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мухаммед Аль Улум АҚШ бастаған халықаралық коалицияға, Ресейге және басқа мемлекеттерге «ИШИМ/ДАИШ» лаңкестік ұйымына қарсы тиімді күрес үшін алғыс білдірді. Ирак өкілі Қауіпсіздік Кеңес мүшелеріне Ирак Үкіметі әзірлеп жатқан 2018 - 2022 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары туралы мәлімдеді. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңес мүшелеріне ағымдағы жылы 12-14 ақпанда Кувейтте өткен Халықаралық донорлар конференциясының нәтижесінде олардың Иракты қалпына келтіруге 30 млрд. АҚШ доллар бөлуге дайын екендігін хабарлады. Сонымен қатар, Ирак өкілі 2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстанға халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге еліміздің қосқан маңызды үлесі үшін алғыс білдірді.
Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Ирак билігін инклюзивтілік принципін ұстануға және жаңа бейбіт Ирак құруда ұлттық және діни азшылықтардың мүдделерін ескеруге шақырды. Кеңес елдегі түрлі шағын тайпалар мен басқа да қарулы топтарға қолжетімді қарудың барлық арсеналын Ирак Премьер-Министрінің басшылығындағы арнайы комитеттің бақылауына беру маңыздылығын атап өтті.