Нью-Йорк, 2018 жыл 8 наурыз. Ауғанстан бойынша арнайы өкіл, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Станислав Василенко бастаған Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстан мәселелері туралы отырысына қатысты.
Іс-шара барысында Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Ауғанстандағы жағдайға берген бағаны қамтыған және осы елге көмек бойынша БҰҰ өкілдігінің мандатын тағы бір жылға ұзартқан 2405 қарарын қабылдады. Бұл іс-шара БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларының ережелерін іске асыру қажеттілігіне байланысты, елдегі саяси оқиғаларды талқылау үшін тоқсан сайын өткізіледі. Бұл кездесуде бейбіт жолмен реттеу үдерісіне әйелдердің қатысу маңыздылығы басты назарда болды.
Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері 2018 жылдың қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Қазақстан төрағалығымен Ауғанстанға жасаған сапарын жоғары бағалады. Бұл сапар елдегі жағдайды тереңірек түсінуге мүмкіндік берген. Сонымен қатар, ү.ж 19 қаңтарда БҰҰ ҚК-дегі Қазақстанның жетекшілігімен ұйымдастырылған «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда өңірлік серіктестікті құру» деп аталатын Ауғанстан жөніндегі пікірталастардың маңыздылығы мен тиімділігі аталып өтті.
С. Василенко өз сөзінде Ауғанстан тап болған саяси және экономикалық проблемалар, сондай-ақ қауіпсіздікке төнген қауіп-қатер өңірдегі елдердің, халықаралық қауымдастықтың және Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты көмегін талап етеді деп мәлімдеді. Елдегі қақтығыстарды шешудің барлық кезеңдерінде әйелдер жастармен бірге маңызды рөл ойнайтыны айтылды.
Осыған қатысты, 2018 жылы күзде Астанада «Ауғанстан әйелдері үшін мүмкіндіктерді кеңейту» атты халықаралық конференциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Біздің еліміз Еуропалық одақ пен өзге әріптестердің ортақ қаржыландыруымен ауған азаматтарына білім беру бағдарламасын жалғастыру бастамасын көтерді. Жалпы құны 50 миллион доллар болатын білім беру бағдарламасының аясында 2010-2021 жылдары аралығында Қазақстан Жоғарғы оқу орындарында Ауғанстанның мыңға жуық азаматтары білім алатын болады», - деді С. Василенко.
Қазіргі уақытта Еуропалық одақ БҰҰ «UN Women» ұйымымен бірлесе жүзеге асыратын, елімізде ауған қыздарын оқытуға бағытталған ортақ жобаның алғашқы кезеңін қаржыландыруға кірісті.
С.Василенко БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға жасаған сапары барысында ауған үкіметі мен елдегі қоғамдық-саяси топтардың, соның ішінде бірінші ханым Рула Гани бастаған әйелдер ұйымдарының негізгі өкілдерімен кездесулер өткенін атап өтті.
Қазақстан делегациясы жанжалдардан шығудың үш бірлікті стратегиясының маңыздылығына баса назар аударды. Ол, ең алдымен, қауіпсіздік пен даму мәселелерінің өзара байланысын қамтиды. Онда елдегі тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін тұрақты даму бағдарламаларын қоса іске асыру қажет. Екіншіден, трансшекаралық проблемалар мен қауіп-қатерлерді еңсеру үшін өңірдегі елдердің тығыз ынтымақтастығын қажет ететін өңірлік көзқарас, өйткені қазіргі уақытта әртүрлі қауіп-қатерлер мен проблемаларды бір мемлекеттің шегінде ғана шешуге болмайды. Үшіншіден, «Бірлескен БҰҰ» қағидаты, оның мәні БҰҰ жұмысының үйлестігі мен тиімділігін орталықта және аймақтарда арттыру болып табылады.
Жанжалдарды реттеуде әйелдер рөлінің маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан өкілі өз сөзін қазақтың мынадай мақалымен аяқтады: «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді».