«Астана Аренада» футболдан «Түркі кубогы» үшін турнир өтті

«Астана Аренада» футболдан «Түркі кубогы» үшін турнир өтті

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 3 қазаны - «Астана Арена» стадионында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Түркі академиясының ұйымдастыруымен түркі мемлекеттері тәуелсіздіктерінің 30 жылдығына және Түркітілдес елдердің ынтымақтастық күніне арналған футбол турнирі өтті.

Былғары доп жарысына Нұр-Сұлтан қаласында аккредиттелген түркі мемлекеттерінен Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан елшіліктерінің, халықаралық ұйымдардан Түркі академиясы, Азық-түлік қауіпсіздік ислам ұйымы, Азиядаға өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің құрама командалары қатысты.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Мажарстанның Қазақстандағы елшілігі, екінші орынды ҚР Сыртқы істер министрлігі және үшінші орынды Түркі академиясының командасы иеленді.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының кеңесі (Түркі кеңесі) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы 3 қазанда құрылды, штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында орналасқан. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мүше, ал Мажарстан бақылаушы мәртебесіне ие.