2018 жылғы 16 мамырда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанаға Теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің көлік және сауда жөніндегі министрлік кездесуіне қатысу мақсатында келген Парагвай Республикасының сыртқы істер вице-министрі Федерико Альберто Гонсалес Франконы қабылдады.
Достық атмосферада өткен келіссөздер барысында тараптар теңізге шығу жолы жоқ Қазақстан мен Парагвай сияқты елдер кездесетін өзекті мәселелер бойынша ынтымақтасу және тәжірибе алмасу мүмкіндігін талқылады. Тараптар Сирия, Солтүстік Корея мен Таяу Шығыстағы жағдайды қоса алғанда халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты. Парагвай Республикасының сыртқы істер вице-министрі Ф.Гонсалес БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, сондай-ақ Сирия бойынша Астана процесінің контексінде Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалады.
Қ.Әбдірахманов Астанадағы ЭКСПО-2017 аясында өткізілген Қазақстан-Парагвай сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың бірінші раунды саяси, экономикалық, гуманитарлық салаларда екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге және нығайтуға жақсы негіз қалағандығын атап өтті. Тараптар екі жақты саяси консультациялардың механизмін дамытуды жалғастыру және ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын, оның ішінде визалық режимді, білім беруді либерализациялау мәселелерін кеңейту және т.б. туралы уағдаласты.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомство басшысы Парагваймен орнытылған саяси диалог сауда-экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге оң әсерін тигізетіндігіне сенім білдірді және Парагвай кәсіпкерлерін өз бизнестерін елімізде дамыту мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерттеу үшін Қазақстанға шақырды. Сонымен қатар, Қ.Әбдірахманов ірі өңірлік экономикалық блоктар арасындағы өзара әрекеттестікті дамыту маңыздылығын атап өтті және Еуразиялық экономикалық одақ нарығының КАРИКОМ, МЕРКОСУР, Анды қоғамдастығы және Латынамерикалық экономикалық жүйесі сияқты Кариб бассейні және Латын Америка елдері мен ұйымдары үшін зор әлеуетін атап өтті.