Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Қазақстан – Қытай онлайн-конференциясы туралы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Қазақстан – Қытай онлайн-конференциясы туралы

 

Нұр-Сұлтан Бейжің, 2021 жылдың 24 қыркүйегіМемлекетіміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар бағдарламасы аясында Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясымен (ҚҚҒА) бірлесіп «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция ұйымдастырды.

Конференцияны ашқан ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен егжей-тегжейлі таныстырды.

Оның пікірінше, ел тарихындағы 30 жылдың толайым табыстары Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы да көреген саясатының жемісі болды және екі мемлекеттің басшыларының тығыз байланыстарының арқасында аталған кезеңде Қазақстан мен Қытай арасында мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік қарым-қатынастары қалыптасты.

Нұр-Сұлтан мен Бейжің БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК секілді көпжақты құрылымдар аясында тиімді ықпалдастық орнатқан. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елордамызда жария еткен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Қазақстан бірінші болып қолдады. «Қорғас» ШЫХО, Ляньюнган теңіз порты, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қамтитын ҚХР-мен бірлесе дамытылып келе жатқан тиісті инфрақұрылым Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетінің артықшылықтарын жүзеге асыруда маңызды рөл ойнайды.

Дипломат атап өткендей, аталған саладағы бірлескен бастамаларды ары ғарай ілгерілету үшін КОВИД-19 пандемиясының салдарынан шектелген екі мемлекет арасындағы азаматтар сапарларын және тұрақты тауар тасымалын тезірек қалпына келтіру маңызды.

Сонымен қатар, пандемиямен күрестегі ынтымақтастық өзара қолдаудың мысалы болып табылады, деді Ш. Нұрышев. Осы орайда ол Қазақстан алғашқылардың арасында болып Ухань қаласының тұрғындарына гуманитарлық көмек жібергенін, ал Қытай өз кезегінде бірнеше айдан кейін Қазақстанға да керее кезде гуманитарлық көмек және қауіпті індетпен күресте нақты қолдау ретінде елімізге бір топ дәрігерлерін жібергенін еске алды.

Отандық дипломаттың айтуынша, мұның бәрі 30 жыл ішінде Қазақстан мен Қытай бір біріне тек жақсы көрші ғана емес, сенімді серіктеске айналғанын аңғартады.

Өз кезегінде, ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің мазмұнды сипатына жоғары баға берді. Оның айтуынша, бүгінде олардың арасындағы шекара екі елді біріктіретін өзіндік «достық пен тату көршілік көпірі» болып табылады.

Конференцияға қатысушылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен екі ел арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәлеселері бойынша баяндамаларын ұсынды. Қытайлық сарапшылар Қазақстанның халықаралық алаңдағы табыстары мен оның қазіргі заманғы өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге белсенді қатысуын жоғары бағалады.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы және даму перспективалары талқыланды.

Кездесу соңында конференцияға қатысушылар қазақстандықтарды тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтап, елімізге одан әрі өркендеу мен жаңа табыстар тіледі.

Конференцияда отандық тараптан ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының, Қытайды зерттеу орталығының, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының басшылығы, Қытай тарапынан – ҚҚҒА, Қытайдың халықаралық проблемалар академиясы және Қытайдың заманауи халықаралық қатынастар академиясының басшылығы сөз сөйледі.