ҚР СІМ жанындағы адами өлшем бойынша диалог алаңының отырысында адамның еңбекке және қолайлы ортаға құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

ҚР СІМ жанындағы адами өлшем бойынша диалог алаңының отырысында адамның еңбекке және қолайлы ортаға құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 23 қыркүйегі - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының (ККО «АӨДА») кезекті онлайн отырысын өткізді.

Күн тәртібінде адам құқықтарын қорғау саласындағы үш бағыт: қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығы мен Орхус конвенциясы ережелерінің орындалуы; Қазақстанда еңбек құқықтарының сақталуы және адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттардың орындалуы туралы Қазақстан Республикасының баяндамаларын қорғауға дайындық барысы талқыланды.

Елші Үсен Сүлеймен Орхус конвенциясының мақсаттарын ерекше атап өтіп, ел дамуының қазіргі кезеңінде қарастырылып отырған барлық бағыттар өзекті екенін баса айтты. Қазіргі және болашақ буынға жататын әрбір адамның денсаулығы мен қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын қорғауға ат салысу біздің бүгінгі құқықтарымызға, нанымдарымызға, көзқарастарымызға немесе қағидаларымызға ғана әсер етіп қоймайды. Бұл ұлттың салауатты болашағын қозғайтын мәселе.

Азаматтық сектор ұсынған құжаттардың ішінен Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық Халықаралық бюросының (АҚҚХБ) Шығыс Қазақстан филиалы әзірлеген «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және халықаралық стандарттар» атты талдамалық баяндама ерекше атап өтілді. Бұл баяндама КОВИД-19 пандемиясы салдары жағдайында ҚР Мемлекеттік органдары үшін нақты пайда әкелуге бағытталған.

АҚҚХБ Қазақстанның мемлекеттік органдарымен азаматтық сектордың тиімді өзара іс-қимылы саласындағы АӨДА ККО үйлестіруші рөлін атап өтіп, адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттардың орындалуы туралы Қазақстан Республикасының баяндамаларын қорғау мерзімдері мен кезеңдері туралы ақпаратты жүйелендіргені үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне ризашылығын білдірді.

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы бағдарламалар офисінің Басшысы Елші Фолькер Фробарт Қазақстанның экологиялық бағдарламаларды іске асыру саласындағы алға ілгерушілікті ерекше атап өтіп, Орталық Азия мен Қазақстандағы су ресурстарын сақтау бағдарламаларына қатысудағы өзінің жеке тәжірибесімен бөлісті.

Күн тәртібіндегі әрбір мәселеге қатысты пікірталастар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бұдан әрі өзара іс-қимылы бойынша нақты ұсыныстардың әзірленуін көздеп, ашық әрі сындарлы сипатқа ие болды.

 

Іс-шараға ҚР Парламент депутаттары, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы, Жоғарғы сот, Конституциялық Кеңес, мүдделі министрліктердің, үкіметтік емес қазақстандық құқық қорғау ұйымдардың өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ алаңның қонақтары - халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ, ЕО, ЮСАИД, БҰҰДБ және АҚЖКБ өкілдері қатысты.