«Астана – бейбітшілік қаласы» Халықаралық конференция қатысушыларының үндеуі

«Астана – бейбітшілік қаласы» Халықаралық конференция қатысушыларының үндеуі

Біз, «Астана - бейбітшілік қаласы» халықаралық конференциясының қатысушылары, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын елордамыз - Астана қаласының 20 жылдығымен құттықтаймыз.

Жиырма жылдың ішінде Астана тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ғана емес, сондай-ақ дипломатияның, бітімгершілік пен халықаралық дамудың басты орталығына айналды.

Дәл осы жерде 2010 жылы өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының тарихи саммитінде мемлекет басшылары «Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте келісілген қағидаттарға, бірлескен міндеттемелер мен ортақ мақсаттарға негізделген еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбес еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын» қалыптастыру идеясын ұсынды. Біз осы мақсатқа жету үшін барлық ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерді мақсатты түрде жұмыс істеуге шақырамыз.

Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері XXI ғасырда бейбітшілікке, әділеттілікке және қауіпсіздікке қол жеткізу үшін дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге үлкен үлес қосуда.

Қазақстанның жас астанасында өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастық үшін маңызды Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының, Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің саммиттері, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы консультативтік жұмыс кездесуі өтті. Мұнда үлкен парламентаралық форумдар өтеді.

Астана Сириядағы зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша келіссөздердің алаңы болып табылады және халықаралық күш-жігер жақын арада Сирия жерінде бейбітшілікті қалпына келтіреді деген үміттеміз.

Астананың бітімгершілік күш-жігері Қазақстан тұрақты емес мүше болып табылатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысында көрініс тапты.

Елордамызда жылдан жылға шетелдік дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері көбейіп келеді, бұл сондай-ақ Астананың өңірдегі жетекші саяси орталықтарының біріне айналғанын көрсетеді.

Қазақстанның астанасы «Жібек жолының экономикалық белдеуі» сияқты экономикалық ынтымақтастықтың ауқымды бастамаларын ұсынған жерге айналды. Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа осы жерде қол қойылды. Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммиті өтті және «Ғылым, технологиялар, инновациялар және ислам әлемін жаңғырту» атты болашаққа бағытталған құжат – Астана декларациясы қабылданды.

Астанада 2011 жылғы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 38-ші сессиясы өтті. Сол сәттен бастап Қазақстан осы халықаралық ұйымға төрағалық етуге кірісті. Бұл басқосуды тарихи оқиға деп атауға болады, өйткені, онда Ислам конференциясы ұйымы атауын (ИКҰ) Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғашқы рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды.

Астана экономикалық форумы, Еуразиялық Медиа Форумы және «Астана клубының» отырыстары аясында қазіргі заманғы адамзат өркениетінің маңызды мәселелері талқыланып, оларды шешу идеялары ұсынылады.

Қазақстан үкіметі мен Қазақстан халқын әлемдік қауымдастықтың назарын болашақ энергетикасы мәселелеріне және тұрақты дамуына аударған ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін сәтті өткізуімен құттықтаймыз. Біз ЭКСПО-2017 инфрақұрылымы негізінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығын, Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын және IT-Стартаптар халықаралық технопаркін құруды қолдаймыз және оларға Қазақстан, Орталық Азия өңірі мен әлемнің игілігі үшін табысты жұмыс тілейміз.

Осыдан бір жыл бұрын Астанада және Өскеменде МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкі үй-жайының тұсаукесері өтті. Қазақстан ядролық сынақтардан қатты зардап шеккен және өзінің ядролық зымыран әлеуетінен өз еркімен бас тартқан ел ретінде ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу идеясын жақтауға лайық деп санаймыз.

Осы барлық оқиғалардың астарында Президент Н.Назарбаевтың сенімділікті, қауіпсіздікті және өзара іс-қимылды өңірлік және жаһандық деңгейде нығайтуға бағытталған дәйекті саясаты жатыр. Бұл саясат «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде өзінің тұжырымдамалық дамуын алды, онда адамзаттың «соғыс вирусынан» мәңгілікке құтылу қажеттілігі туралы айтылады.

Мемлекеттер арасындағы барлық даулар бейбіт диалог және бейбітшілік пен қауіпсіздікке, өзара сыйластыққа және ішкі істерге араласпауға тең жауапкершілік қағидаттарына негізделген сындарлы келіссөздер арқылы реттелуі тиіс.

Біз Еуразияның жүрегінде орналасқан заманауи, көрікті әрі қарқынды дамып келе жатқан Астана халықаралық бейбітшілікті, қауіпсіздікті және амандық пен саулықты қалыптастыруда одан әрі маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз.