Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстан СІМ талдамалық құрылымдарының басшылары арасында саяси консультацияның бірінші раунды өтті

Душанбеде Қазақстан мен Тәжікстан СІМ талдамалық құрылымдарының басшылары арасында саяси консультацияның бірінші раунды өтті

Душанбе, 2021 жылдың 16 қыркүйегі – Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы саяси ведомстволарының талдамалық құрылымдары басшыларының саяси консультациялары өтті.
Іс-шара Президент Қ. К. Тоқаевтың 2021 ж. мамыр айында Тәжікстан Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша қабылданған екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына сәйкес ұйымдастырылды. Қазақстандық делегацияны СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директоры Ерлан Шамишев, тәжік тарапын ТР СІМ стратегиялық зерттеулер басқармасының бастығы Вафо Ниятбекзода басқарды.

Кездесу барысында дипломаттар Ауғанстандағы қазіргі ахуалдың және жалпы өңірдегі жағдайдың одан әрі даму сценарийлерін талқылады. Қазіргі заманғы трансшекаралық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды, сондай-ақ Орталық Азиядағы өзара іс-қимылдың көпжақты форматтары шеңберіндегі жай-күй мен перспективалар мәселелері кеңінен атап өтілді. Тараптар Ауғанстандағы белгілі саяси өзгерістер заңсыз көші-қон мен босқындар ағымының, есірткі трафигі мен радикалды діни көзқарастардың таралуына байланысты өңірдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген пікірге келді. Бұл елдегі әлеуметтік құлдырау мен гуманитарлық апаттың қаупін тудыруы мүмкін.

Келіссөздер қорытындысы бойынша өзара қызығушылық тудыратын халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселелерде диалог пен пікір алмасуды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар ортақ ұстанымды шоғырландыру мақсатында Ауғанстандағы жағдайды бақылауды жалғастыру қажеттілігін және екі елдің халықаралық аренадағы бастамаларын өзара қолдауға дайындығын құптады.
Сонымен бірге, ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директоры Ерлан Шамишев Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының өңірлік қауіпсіздік проблемаларын зерделеу басқармасының басшысы Хуршед Додихудоевпен кездесті. Тараптар Ауғанстан мен өңірдегі ахуал жөнінде пікір алмасты.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, Ауғанстанның болашағы биліктің оған соның ішінде халықаралық қауымдастық тарапынан сенімін нығайтатын ішкі саяси күштер мүдделерінің теңгерімі негізінде коалициялық үкімет құру қабілетіне тәуелді болады. Осыған байланысты тараптар Ауғанстанда тұратын барлық этностардың мүдделерін ескере отырып, этносаяси қатынастардың инклюзивті ауғанішілік моделін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.