Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 13 қыркүйегі - Қазақстан мен Мысыр сыртқы саяси ведомстволары арасында видеоконференц байланыс форматында саяси консультациялар өтті.
Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, мысырлық делегацияны Сыртқы істер министрінің Азия елдері бойынша орынбасары Тарек Аль-Уасими басқарды.
Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың ағымдағы жағдайы мен келешегін, сондай-ақ халықаралық және аймақтық ұйымдар, олардың ішінде БҰҰ, АҚИЫҰ және АӨСШК аясында екі ел арасындағы өзара ықпалдастығын талқылады.
Саяси консультациялар шеңберінде тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, олардың ішінде Таяу Шығыстағы бейбіт реттеу процесі, Иран және Ауғанстандағы ахуал, сондай-ақ т.б. мәселелер бойынша өзара пікір алмасты.
Келіссөздердің қорытындылары бойынша тараптар Нұр-Сұлтан мен Каир арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті одан әрі тереңдету мақсатында екі елдің сыртқы саяси мекемелері байланыстарының жоғары деңгейін сақтау туралы уағдаластыққа қол жеткізді.