ЮНКТАД-тың Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасы: Қазақстан өтпелі экономикасы бар елдер арасында таза ТШИ өсу қарқыны бойынша бірінші орында

ЮНКТАД-тың Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасы: Қазақстан өтпелі экономикасы бар елдер арасында таза ТШИ өсу қарқыны бойынша бірінші орында

Нұр-Сұлтан, 2021 жылғы 31 тамыз – COVID-19 пандемиясының әлем экономикасына теріс әсеріне қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан өтпелі экономикасы бар 17 елдің және теңізге шыға алмайтын 34 елдің ішінде таза тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемінің ең жоғарғы өсімін көрсетті.

Бүкіл әлемде олардың жалпы көлемінің 2005 жылдан бері ең төменгі көрсеткішке дейін үштен бірге қысқаруы аясында Қазақстанда өткен жылға қарағанда таза ТШИ 34,9%-ға көп тартылды. Мұндай деректер БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасында» көрсетілген.

Пандемиядан туындаған экономикалық дағдарыс әлемдегі халықаралық сауда-экономикалық қатынастардың құрылымына айтарлықтай өзгерістер енгізді. Бұл ТШИ ағындарында да көрініс тапты.

Баяндамаға сәйкес, өткен жылы жаһандық экономикадағы таза ТШИ көлемі 35%-ға қысқарып, жалпы алғанда 1 трлн. АҚШ долл. құрады. Бұл соңғы 16 жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Коронавирустық дағдарыс бұл тұрғыда өтпелі экономикасы бар елдерге қатты теріс әсерін тигізді. ЮНКТАД сарапшыларының болжамы бойынша, аталған елдер тобындағы ТШИ ағынын қалпына келтіру тек 2022 жылы ғана күтілуде.

Бұл ретте, ЮНКТАД деректері бойынша, ҚР Үкіметінің құрылымдық реформаларды жүргізуінің және инвестициялар тарту саласында іске асырып жатқан саясатының арқасында Қазақстанда өтпелі экономикасы бар елдер мен теңізге шыға алмайтын елдер арасында таза ТШИ ағынының едәуір өскені атап өтілді. Аталған өсім өңдеу өнеркәсібі, көлік, телекоммуникация, қаржы қызметі, энергетика, тау-кен өндіру кешені және т.б. салалардағы инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді.

Өтпелі экономикасы бар елдерге таза ТШИ ағынының жалпы көлемі өткен жылы 24 млрд. АҚШ долл., Қазақстанда 3,9 млрд. АҚШ долл. құрады. Бұл көрсеткіш тек Ресей Федерациясында ғана жоғары.

Осындай рейтинг теңізге шыға алмайтын елдер арасында да жасалды, олардың арасында тікелей инвестициялардың таза ағыны 15,4 млрд АҚШ долл. құрады. Аталған елдер тобында таза ТШИ көлемі бойынша Қазақстан 1-ші орынға ие болды.

ЮНКТАД баяндамасының деректері пандемияның жаһандық экономикаға теріс әсері аясында Қазақстанда шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар сақталып отырғанын көрсетеді. Елдің халықаралық рейтингтердегі тұрақты жоғары позициясы, сондай-ақ ТШИ тарту статистикасы Қазақстанның жоғары инвестициялық тартымдылығын, инвесторлардың тіпті дағдарыс кезеңінде де жобаларды іске асыруды бастауға және жалғастыруға деген ынтасын растайды.

ЮНКТАД сарапшыларының болжамы бойынша 2021 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағынының өсуі әлем бойынша орта есеппен 10-15%-ды және дамушы елдерде 5-20%-ды құрайды.

ЮНКТАД-тың «Инвестициялар жөніндегі дүниежүзілік баяндамасы» есебіне сілтеме (WIR 2021): https://unctad.org/system/files/official-document/wir2021_en.pdf