Қазақстан мен Бразилия сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты

Қазақстан мен Бразилия сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 30 шілдесі - Қазақстан мен Бразилия арасында бейнеконференция форматында саяси консультациялар өтті. 

Іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мен Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Марсиа Доннер Абреу тең төрағалар ретінде қатысты. 

Тараптар екі ел арасындағы кең ауқымды ықпалдастық күн тәртібінің өзекті мәселелері мен өзара тиімді ынтымақтастық болашағы туралы пікір алмасты. Нақтырақ айтқанда саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық, сондай-ақ парламентаралық ынтымақтастық пен коронавируспен күрестегі және ұлттық экономикаларды COVID-19 пандемиясының салдарын еңсерудегі тәжірибе алмасу қарастырылды. Сондай-ақ атом энергетикасы, тау-кен, жаңартылатын энергетика және ауылшаруашылығы саласында бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тараптар БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар аясындағы әрекеттестіктерің жоғары деңгейін атап өтті.  

«Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы сенімді серіктесі болып табылады. Біз екі ел арасында орнатылған серіктестікті достық, өзара құрмет және сенім рухында одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», - деді А. Рахметуллин өз сөзінде.

Іс-шараның қорытындысы бойынша тараптар жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру және алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарды жүзеге асырудағы нақты қадамдар жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізді.