ҚР СІМ-де Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық талқыланды

ҚР СІМ-де Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 9 маусымы - Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өңір елдері бойынша турне аясында Нұр-Сұлтанға сапармен келген Еуропа одағының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Бурианмен кездесті.

Сұхбат барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту мәселелерін қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің кең ауқымды өзекті мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды. Тараптар өңірдің тұрақты дамуына бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға назар аудара отырып, ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясы, сондай-ақ Қазақстанмен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) шеңберіндегі ынтымақтастықты оның ішінде Еуроодақтың «Team Europe» бастамасын талқылады.

Келіссөздердің өзекті тақырыбы халықты коронавирустық індетінен вакцинациялау мәселесі болды. Тараптар Қазақстан мен ЕО-ның «вакцинация паспорттарын» тану және пайдалану перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, П.Буриан өзінің «QazVac» вакцинасын жасау Қазақстанның ғылыми-зерттеу әлеуетін көрсететінін атап өтті.

М.Тілеуберді еуропалық дипломатты «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Осы тұрғыда, ЕО өкілі Қазақстандағы саяси реформалардың үшінші пакетінің имплементациясын оң бағалады.

Сол күні П.Буриан ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханмен кездесіп, тараптар Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы келісім шеңберінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады. Жасыл энергетика және климаттың өзгеруімен күрес саласындағы өзара іс-қимылды талқылауға ерекше назар аударылды. ҚР Президентінің Арнайы өкілі еуропалық дипломатты Мемлекет басшысы бастамашылық еткен елдегі саяси өзгерістер туралы хабардар етті.

Кездесу қорытындысы бойынша П.Бурианға Қазақстан мен ЕО арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға күш салғаны үшін алғыс айтылды. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес оған Еуроодақтың Қазақстанмен және Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі стратегиялық құжаттарын әзірлеуге және іске асыруға елеулі үлес қосқаны үшін II дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.