Қазақстан мен Ресей СІМ құрылымдық бөлімшелері арасындағы жоспарлы консультациялар туралы

Қазақстан мен Ресей СІМ құрылымдық бөлімшелері арасындағы жоспарлы консультациялар туралы

Мәскеу, 2021 жылдың 3 маусымы – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және жоспарлау департаментінің директоры Ерлан Шәмішев пен РФ СІМ Сыртқы саяси талдау департаментінің директоры Алексей Добрынинның арасында консультациялар өтті.

Тараптар коронавирустық пандемия тұрғысынан халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін, сондай-ақ жаңа геосаяси және геоэкономикалық шындықтарды егжей-тегжейлі талқылады. ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК шеңберінде Қазақстан мен Ресейдің қатысуымен интеграциялық бірлестіктердің даму перспективалары туралы пікір алмасты.

Екі елдің СІМ сыртқы саясат саласындағы стратегиялық жоспарлау жүйелерінің жұмыс істеуі, осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдың перспективалары талқыланды. Сыртқы саясатты жоспарлау бойынша жүйелі түрде екіжақты консультациялар жүргізуге мүдделілік расталды.

Сонымен қатар, ресейлік ғылыми қоғамдастықтың жетекші өкілдерімен сараптамалық диалог шеңберінде бірқатар кездесулер де өтті.

Е. Шәмішев сапар шеңберінде Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясының проректоры Андрей Марголинмен кездесті. Олар ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестердің даму перспективаларын, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үш диалог» және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің «Ұлы еуразиялық серіктестік» бастамаларын біріктіру мәселелерін талқылады.

Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтының директоры Аликбер Аликберовпен әңгіме барысында Еуразиядағы интеграциялық үдерістер, БҰҰ-ның бітімгершілік контингентін Ауғанстаннан шығару жағдайындағы аймақтық қауіпсіздік мәселелері, Еуразиялық коммуникациялардың тұжырымдамалық мәселелері, Орталық Азияның даму үрдістері талқыланды.

Аймақтың қоғамдық өміріндегі діндердің рөлі туралы айта отырып, А. Аликберов Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясындағы Елбасының мәдениеттер диалогы туралы бастамасының маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның тәжірибесі, ғалымның пікірінше, 2022 жылы ұлтаралық келісім конгресін өткізу жоспарланған Ресей үшін де пайдалы болып отыр.

Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанының 30 жылдығы аясында ресейлік сарапшылардың түрлі бірлескен іс-шараларға және талдамалық жобаларға қатысуы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.