Қазақстан Елшісі Қырғызстан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Қырғызстан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

2021 жылдың 17 мамыры – Қазақстан Республикасының Елшісі Рәпіл Жошыбаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа сенім грамоталарын тапсырды.

Рәсім барысында Қырғызстан Президенті Елшіні қызметке тағайындалуымен құттықтай отырып, оның аталған лауазымдағы алдағы жұмысы екі мемлекет арасындағы тату көршілікке негізделген өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Рәсімнен кейін орын алған кездесуде қазақстандық дипломат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бауырластық және одақтастық қарым-қатынастарды әрдайым қолдайтынын, әрі бұл бағытты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырғанын баса айтты.

Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру мүмкіншіліктері бойынша пікір алмасты.

Кездесу соңында Президент С. Жапаров Елбасы Н. Назарбаев пен Президент Қ. Тоқаевқа ізгі лебіздерін жеткізуді сұрады және жаңа Елшіге қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын одан әрі нығайту жолында зор табыстар тіледі.