Қазақстан СІМ басшысы Брюссельде өткен ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 18-ші отырысына қатысты

Қазақстан СІМ басшысы Брюссельде өткен ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 18-ші отырысына қатысты

Брюссель, 2021 жылдың 10 мамыры – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Қазақстан Республикасы - Еуропалық одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 18-ші отырысына қатысты. Брюссельде өткен келіссөздерде еуропалық тараптан қазіргі уақытта ЕО кеңесінде төрағалық ететін Португалияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Аугушто Сантуш Силва қатысты.

Ынтымақтастық кеңесінің осы басқосуы 2020 жылғы наурызда Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) күшіне енгеннен кейін бірінші отырыс болды. Осыған байланысты тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды. Естеріңізге сала кетейік, бұл құжат халықаралық және өңірлік қауіпсіздік, сауда, инвестициялар, инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инновациялар, мәдениет, спорт және туризм мәселелерін қамтитын ынтымақтастықтың келешегі мол 29 бағытын қамтиды.

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған күш-жігер аясында тараптар өзара тауар айналымын әртараптандыру мәселелерін талқылады. Өзге де мәселелер арасында аталған мәселе шеңберінде қазақстандық ауыл шаруашылығы және балық өнімдерін ЕО елдеріне жеткізуді жолға қою тақырыбы қозғалды.

Жасыл энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау, білім және ғылым саласындағы өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге ерекше қызығушылық расталды. Атап айтқанда, қазақстандық жастардың Еуроодақпен «Erasmus+» және «Horizone Europe» сияқты түрлі академиялық және ғылыми алмасу бағдарламаларына қол жеткізуін одан әрі кеңейту мәселесі көтерілді.

КӘЫК-ті іске асыру шеңберіндегі маңызды мәселелердің бірі - Еуроодақ елдеріне баратын Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету. М. Тілеуберді бұл мәселенің біздің ынтымақтастығымыздың басымдықтары қатарында екенін және азаматтардың өзара сапарлары тақырыбы бойынша тиісті келіссөздерді жандандырудың маңыздылығын атап өтті.

Тұрғындарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацалау кездесудің өзекті тақырыбы болды. Тараптар бір-бірін тиісті жұмыстың барысы мен қарқыны туралы хабардар етті, осы бағыттағы одан арғы күш-жігердің перспективалары туралы өз ойларымен бөлісті, сондай-ақ 2021 жылғы маусымнан бастап Еуроодақ саяхатшылар мен туристер үшін енгізетін «жасыл сертификаттарды» қолданыс мәселелі талқылады. Осы тұрғыда М.Тілеуберді «QazVac» вакцинасын жасаған қазақстандық ғалымдардың жетістіктері туралы айтып, COVID-19 пандемиясымен күресте Қазақстан мен ЕО тиісті ғылыми институттары арасындағы ынтымақтастыққа бірлесіп жәрдемдесуді ұсынды.

Қазақстандық тарап еуропалық әріптестерін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың іске асырылу барысымен егжей-тегжейлі таныстырды. Еуропалық серіктестер үшінші пакеттің орындалуын оң бағалады.

ҚР-ЕО Ынтымақтастық кеңесі отырысының соңында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді еуропалық және қазақстандық БАҚ үшін баспасөз конференциясын өткізді.

Еуропалық Одақ Қазақстан Республикасының негізгі сауда және инвестициялық әріптесі, оның үлесіне еліміздің экономикасына сыртқы сауда айналымының және инвестициялардың жартысына жуығы тиесілі.

2021 жылғы қаңтар-ақпанда тауар айналымы 3,7 млрд., 2020 жылы – 23,7 млрд. (оның ішінде экспорт – 17,7 млрд. және импорт - 6 млрд.), 2019 ж. – 31,4 млрд. АҚШ доллар құрады.

Қазақстан 2015 жылы ЕО-мен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы ел болды.