Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 30 сәуірі - Марокко тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Марокко Корольдігінің Сыртқы, африкалық ынтымақтастық және шетелдегі марокколықтар істері жөніндегі министрі Насер Буритамен телефон арқылы сөйлесті.
Келіссөздер барысында министрлер екіжақты қарым-қатынастардың ахуалы мен келешегін талқылады. Оның ішінде сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, БҰҰ мен ИЫҰ шеңберіндегі өзара ықпалдастыққа назар аударды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Нұр-Сұлтан мен Рабат арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті одан әрі тереңдету мақсатында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы байланыстарды жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы үкіметаралық комиссияны құру және сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Марокколық министр Марокко Корольдігіндегі Қазақстанның алғашқы елшісінің тағайындалуын құптады.