Қазақстан СІМ басшысының АзТМЭӘК Атқарушы хатшысымен телефон арқылы сөйлесуі туралы

Қазақстан СІМ басшысының АзТМЭӘК Атқарушы хатшысымен телефон арқылы сөйлесуі туралы

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 13 сәуірі - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Азия және Тынық мұхит үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АзТМЭӘК) Атқарушы хатшысы Армида Алисджабанамен телефон арқылы сөйлесті.

Сұхбаттастар Қазақстан мен АзТМЭӘК арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайын және оны одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.

А. Алисджабана Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысына Комиссияның ең жоғары басқару органы болып табылатын АзТМЭӘК 77-ші сессиясында төрағалық етуді ұсынды. Сессия 2021 жылғы 26-29 сәуірде Азия-Тынық мұхиты аймағының 53 елдерінің мемлекет, үкімет басшылары мен министрлерінің қатысуымен аралас форматта жоспарланған.

М. Тілеуберді бұл ұсынысты ризашылықпен қабылдады.

БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (АзТМЭӘК) 1947 жылы наурызда құрылды. АзТМЭӘК штаб-пәтері Бангкокта орналасқан. Комиссия аймақтық және субөңірлік ынтымақтастықты арттыру арқылы Азия-Тынық мұхиты елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына көмектесуге шақырылды.

Комиссияның құрамына 53 ел және қауымдастырылған мүше мәртебесіне ие 9 аумақ кіреді. АзТМЭӘК Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең әмбебап ұйым және БҰҰ-ның географиялық қамту және халық саны бойынша аймақтық комиссияларының ішіндегі ең ірісі.