Қазақстан мен Израиль ұзақмерзімді серіктестікті нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Израиль ұзақмерзімді серіктестікті нығайтуға ниетті

Нұр-Сұлтан, 2021 жылдың 24 ақпаны - Бейнеконференция форматында Қазақстан Республикасы мен Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, израильдік делегацияны Сыртқы істер министрлігі Бас директорының орынбасары Гарри Корен басқарды.

Келіссөздер барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың жағдайы мен перспективаларын талқылады. БҰҰ мен АӨСШК аясында және дамуға ресми көмек жөніндегі KazAID және MASHAV ұлттық агенттіктері арасындағы ынтымақтастыққа баса назар аударды. Екіжақты сауда-экономикалық, ауыл шаруашылық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасты.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Нұр-Сұлтан мен Тель-Авив арасындағы ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі тереңдету мақсатында екі елдің сыртқы саяси мекемелері байланыстарының жоғары деңгейін сақтау туралы уағдаластыққа қол жеткізді.