Қазақстан БҰҰ-да әйелдер құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі реформалардың нәтижелерін таныстырды

Қазақстан БҰҰ-да әйелдер құқықтарын қорғау саласындағы жүйелі реформалардың нәтижелерін таныстырды

Қазақстан Республикасының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны орындауы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын қарау шеңберінде қазақстандық делегация БҰҰ-ның   Әйелдерге   қатыстыкемсітушіліктің   барлық   нысандарын   жою   жөніндегі   комитетке соңғы жылдары әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласында жүзеге асырылған заңнамалық және институционалдық өзгерістердің нәтижелерін таныстырды.

Делегация құрамына Мәдениет және ақпарат, Әділет, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктерінің, Сот әкімшілігінің, Бас прокуратураның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жоғары лауазымды өкілдері кірді.

Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ-ның шарттық органдарымен мазмұнды өзара іс-қимыл Қазақстанның адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін жетілдіру жөніндегі дәйекті жұмысының маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Қазақстанның әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейту, экономикалық теңсіздікті азайту, зорлық-зомбылықтың барлық нысандарының алдын алу және заңмен бекітілген құқықтардың іс жүзінде жүзеге асуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасау бағытын жалғастыратындығына назар аударылды.

Диалог барысында заңнамалық кепілдіктерден әйелдерді зорлық-зомбылықтан іс жүзінде қорғауға көшу мәселесіне ерекше назар аударылды. 2024 жылы қабылданған әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтті.

2024 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасының «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданып, қылмыстық жауаптылық күшейтілді және Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп құрбандарды анықтау стандарты енгізілді. Қазақстан сондай-ақ гендерлік бюджеттеу, отбасын қолдау, кемсітушіліктің алдын алу және «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін іске асыру мәселелері бойынша БҰҰ құрылымдарымен және азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты жалғастыруда.

Халықаралық деңгейде Қазақстан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Елдің бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін халықаралық адам құқықтары күн тәртібінде бекіткен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою» атты 57/18 қарарын қабылдады.

Қазақстан Әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын кеңейтуде айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізілді. 2026 жылғы сайлау қорытындысы бойынша әйелдер Құрылтайдағы 145 депутаттық мандаттың 49-ын, яғни 33,8%-ын иеленді. Екі әйел Құрылтай Төрағасының орынбасарлары болып сайланды, тағы үшеуі тұрақты комитеттерді басқарды. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің өкілдігі жоғары деңгейде сақталып отыр: олар барлық мемлекеттік қызметшілердің 55%-ын құрайды және басшылық лауазымдардың 39%-ын атқарады.

Әйелдердің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуде де елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ын, яғни шамамен 1,1 млн кәсіпорынды әйелдер басқарады. Бұл кәсіпорындарда 1,5 млн-нан астам жұмыс орны құрылған. Қазақстан экономикасында шамамен 4,5 млн әйел еңбек етеді. Сонымен қатар әйелдердің ғылымға, цифрлық экономикаға және жоғары технологиялық салаларға қатысуы кеңейіп келеді. Арнайы бағдарламалар аясында 10 мыңнан астам әйел цифрлық дағдылар бойынша оқудан өтті.

Әйелдердің денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қолдау саласында да елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Соңғы бес жылда ана өлім-жітімі 75%-ға азайды, ал ауылдық жерлердегі әйелдерді профилактикалық тексерулермен қамту деңгейі 62%-дан 81%-ға өсті. Сонымен қатар мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың мамандандырылған медициналық көмекке, жұмыспен қамтылуға және кедергісіз инфрақұрылымға қолжетімділігі кеңейіп келеді.