
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Анель Бақытбекқызының Мажарстан Республика Президенті Андраш Балинт Бакаға сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Екіжақты кездесу барысында Елші Мажарстан Республика Президентіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектерін жеткізді.
Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелеріне тоқтала келе, тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, белсенді саяси диалогты жалғастыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.
Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастар дәстүрлі достық байланыстар мен екі халықтың тарихи жақындығына негізделетіні аталып өтті. Тараптар стратегиялық әріптестікті нақты бірлескен жобалар мен бастамалармен одан әрі толықтырудың маңыздылығын назар аударды.
Жаңа өзара тиімді жобаларды іске асыруға, сондай-ақ жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы екіжақты сапарларды дайындау перспективаларына мән берілді. Осы тұрғыда келер жылы Қазақстан мен Мажарстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына байланысты бірлескен іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асырудың маңыздылығы аталып өтті.
Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қатынастарды дамыту, «Орталық Азия - Еуропалық одақ» форматындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасылды. Орталық Азия мен Еуропа арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық байланыстарды одан әрі нығайтудағы Қазақстан мен Мажарстанның әлеуетті рөлі аталды.
Кездесу барысында Елші сондай-ақ Мажарстан Республика Президентін биыл Қазақстанда жүзеге асырылудағы институционалдық өзгерістер туралы, оның ішінде жаңа Конституцияның күшіне енуі, «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрылуы, Вице-президент лауазымының енгізілуі, сондай-ақ 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өткені жөнінде хабардар етті.
Андраш Балинт Бака Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстан-Мажарстан қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтті және Қазақстанның Мажарстанның Орталық Азиядағы сенімді әріптесі ретіндегі маңызын ерекше атап көрсетті.
Мажарстан Президенті екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын ашуға бағытталған қызметіне табыс тіледі.
Рәсімнен кейін өткен кездесулер аясында Елші Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің екіжақты қатынастар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Клара Бреуермен және Мажарстан Президенті Кеңсесінің Қоғамдық және халықаралық байланыстар дирекциясының басшысы Дьердь Керекешпен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.