Дания СІМ басшысымен серіктестіктің жаңа кезеңіне көшу талқыланды

Дания СІМ басшысымен серіктестіктің жаңа кезеңіне көшу талқыланды

Астана қаласы, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссенмен келіссөздер өткізді.

Тараптар өзара тиімді қазақ-дат ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі тереңдету перспективаларын талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымының және тікелей шетелдік инвестициялар ағынының қарқынды өсу үрдісі атап өтілді (2025 жылы өзара сауда көлемі 163 млн АҚШ долларына жетті, ал 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына салынған дат тікелей инвестицияларының жиынтық көлемі 394 млн АҚШ долларынан асты).

Бұл ретте бірлескен аса маңызды инвестициялық жобалардың бірі – Алматы облысының Іле ауданында «Carlsberg Group» компаниясының «PepsiCo» алкогольсіз сусындарын өндіретін зауыт салуы. Кәсіпорынның ашылу рәсімі ү.ж. 1 қазанда Дания Сыртқы істер министрі Л.Расмуссеннің қатысуымен өтті. Аталған зауыт «Carlsberg Group»-тың әлемдегі ең ірі өндірістік нысандарының біріне айналады (жобаға салынған инвестиция көлемі – 344 млн АҚШ доллары, өндірістік қуаты – жылына 1 млрд литр өнім, 230 жаңа жұмыс орны құрылады).

Келіссөздер барысында екі елдің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға өзара қатысуына және оның Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар Орта дәліз арқылы сауда ағындарын ұлғайту мақсатында даттың «Maersk» компаниясымен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

«Дания – Солтүстік Еуропадағы біз үшін маңызды серіктес ел. Біз екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мән береміз және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нақты әрі маңызды жобалармен толықтыруға ұмтыламыз», – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.

Өз кезегінде Л.Расмуссен Орталық Азияның Данияның сыртқы саяси және экономикалық күн тәртібіндегі маңызы артып келе жатқанын атап өтіп, Ларс Туесеннің Данияның Қазақстандағы Елшісі және Дания СІМ-нің Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі болып тағайындалғанын тілге тиек ете отырып, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге Данияның мүдделі екенін растады.

Министрлер сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары бойынша пікір алмасты.

Сол күні Қонаев қаласында Л.Расмуссен құрамында дат бизнесінің беделді өкілдері бар делегацияны бастап, екі елдің іскер топтарының қатысуымен өткен Қазақ-дат бизнес-форумына қатысты. Форум барысында іскерлік байланыстарды кеңейту, дат инвестицияларын тарту және Қазақстан экономикасының басым салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің министрлері Қазақстан мен Данияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара түсіністік туралы, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссияны құру туралы меморандумдарға қол қойды.