Қазақстан мен Дания жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті

Қазақстан мен Дания жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешев Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссеннің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан–Дания бизнес-форумына қатысты.

Форум жұмысына екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттарының және іскер топтарының 70-тен астам өкілі қатысты.

«Қазақстан Даниямен экономикалық ынтымақтастықтың практикалық сипатқа ие болуына мүдделі. Біз сауда көлемін ұлғайту ғана емес, бірлескен жобаларды іске қосу, өндірістерді жергіліктендіру және озық технологияларды енгізу үшін де мүмкіндіктер көріп отырмыз. Бұл ретте логистика, су шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика және энергетика салаларына басымдық беріледі. Аталған бағыттарда дат компаниялары озық тәжірибеге ие. Біздің міндетіміз – бизнестің қызығушылығын Қазақстанда жүзеге асырылатын нақты әрі ұзақ мерзімді жобаларға айналдыруға қажетті жағдай жасау», – деді А.Зебешев.

Форум аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Дания өнеркәсібі конфедерациясы (DI) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум дат іскерлік қауымдастығымен тікелей жұмыс істеу, перспективалы жобалармен алмасу және Қазақстанда қызметін дамытуға мүдделі компанияларға қолдау көрсету үшін қосымша тетік қалыптастырады.

Қазіргі таңда дат бизнесі Қазақстанда бірқатар салаларда қызметте. Компаниялар өнеркәсіп пен логистикадан бастап фармацевтика, су технологиялары, энергетика және агроөнеркәсіптік кешенге дейінгі жаңа бағыттарды қамтиды.

Өндірісті жергіліктендіру мен өндірістік кооперацияға ерекше назар аударылды. Қазақстан үшін дат бизнесімен ынтымақтастық тек капитал тарту тұрғысынан ғана емес, отандық өндірісті дамытуға, заманауи технологиялар мен басқару шешімдерін енгізуге, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар мен халықаралық компаниялар арасында жаңа байланыстар қалыптастыруға мүмкіндік беретіндіктен маңызды.

Табысты ынтымақтастықтың нақты мысалы ретінде сол күні Алматы облысының Боралдай кентінде Carlsberg Group пен PepsiCo компанияларының алкогольсіз сусындар өндіретін зауытының ашылуын атап өтуге болады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 344 млн АҚШ долларын құрады. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына шамамен 1 млрд литр өнімді құрайды. Жоба аясында 230-дан астам жұмыс орны құрылды.