Қазақстан мен Ауғанстан екіжақты, өңірлік және көпжақты өзара іс-қимылды дамытуды талқылады

Қазақстан мен Ауғанстан екіжақты, өңірлік және көпжақты өзара іс-қимылды дамытуды талқылады

Қабыл қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі Еркін Тұқымовтың Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммед Найммен және Ауғанстан Әйел кәсіпкерлер және өнеркәсіп палатасының (AWCCI) өкілдерімен кездесулері өтті.

М. Найммен өткен кездесу барысында тараптар қазақстандық делегацияның Гератқа сапарының қорытындылары бойынша пікір алмастырып, жылы қабылдау мен өткен келіссөздердің сындарлы сипатын атап өтті. Е. Тұқымов Гератқа сапары ү.ж  20-21 маусымында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Ауғанстанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болғанын атап өтті.

Қазақстандық тарап транзиттік дәліздерді салу, сондай-ақ Оңтүстік Азия елдерімен сауда жасау бойынша Орталық Азия мемлекеттерімен серіктестікте Ауғанстанмен өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі екенін атап өтті.

Ауғанстандық тарап БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы аясында ҚР Сыртқы істер министрі М. Тілеубердінің сөз сөлеуінде  халықаралық алаңның орталық рөлін сақтай отырып, Ауғанстанмен кезең-кезеңімен халықаралық өзара іс-қимылды қолдағаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының қызметіне қатысуға мүдделілігін атап өтті. Екі ел арасындағы тікелей авиациялық қатынастардың перспективалары да бөлек талқыланды.

Сапар аясында Ауғанстан Әйел кәсіпкерлер және өнеркәсіп палатасының өкілдерімен де кездесу өтті. Қатысушылар екі елдің әйел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ білім беру, кәсіби даму, медицина және әлеуметтік жобалар салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Палата өкілдері қазақстандық бизнес-қоғамдастықпен тығыз байланыс орнатуға мүдделі екендіктерін білдірді. Е. Тұқымов тікелей іскерлік байланыстарды дамыту және бірлескен бастамаларды пысықтау үшін Палата өкілдерін Қазақстанға шақырды.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар тікелей диалогты жалғастыруға және өңірлік және көпжақты ынтымақтастық форматтарын тарта отырып, бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүдделі екендіктерін растады.