
Астана, 2026 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Маркус Хофер бастаған «Аустрия – Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан» парламенттік тобының делегациясымен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Аустрия арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, парламентаралық диалогты ілгерілетуге ерекше назар аударды. Екі ел депутаттары арасында тікелей байланыстар орнатудың және келешекте «Қазақстан – Аустрия» достық тобының Венаға жауап сапарын ұйымдастырудың маңыздылығы аталып өтті.
Сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылға, оның ішінде биыл 19-20 қарашада Венада өтетін Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің алдағы отырыстарына дайындық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Сұхбаттастар сирек кездесетін металдар, энергетикалық қауіпсіздік, көлік инфрақұрылымы және логистика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Аустриялық компаниялардың бірлескен өндірістер мен Орта дәліз аясындағы жобаларға қатысу әлеуетіне назар аударылды.
Сондай-ақ тараптар ауыл шаруашылығы, дуальды оқыту және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту жөнінде пікір алмасты.