Нью-Йорк, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Кипр, Грузия және Румынияның сыртқы істер министрлерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен келіссөз барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және алдағы жоғары деңгейдегі байланыстардың кестесі, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде энергетика саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар тұрақты саяси диалогты жалғастыруға уағдаласты.
Грузия Премьер-министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвилимен кездесуде тараптар стратегиялық серіктестікті нығайтуға және саяси, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-грузин көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге бейілділігін растады. Әңгіме барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективаларына және Орта дәліздің мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Румынияның Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Оана-Сильвия Цоюмен жеке кездесу өтті. Кездесу барысында энергетикалық қауіпсіздік, инвестициялар, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ өзара тиімді әріптестіктің жаңа бағыттары талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша министрлер Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да көпжақты алаңдар аясында тығыз үйлестіруді жалғастыруға дайын екендіктерін растады. Сонымен қатар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.