Қазақстан мен Малави екіжақты қатынастардың жаңа кезеңіне қадам басты

Қазақстан мен Малави екіжақты қатынастардың  жаңа кезеңіне қадам басты

Нью-Йорк, 2026 жылғы 25 қыркүйек – БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Малавидің Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Джордж Тапатула Чапонданың кездесуі өтті.

Кездесуде министрлер Қазақстан Республикасы мен Малави Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды. Осылайша, екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастар ресми түрде орнатылды.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды дамыту мәселелерін талқылап, саяси диалогты нығайтуға, сондай-ақ практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты.

Сонымен қатар, тараптар тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру, білім беру және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Аталған бағыттар бойынша екі елдің сыртқы істер ведомстволары, компаниялары мен білім беру мекемелері арасында тікелей байланыстарды дамытуға мүдделілік білдірілді.

Ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласында қазақстандық бидайды Малавиге жеткізу, сондай-ақ Малави өнімдерін, оның ішінде шай, кофе және макадамия жаңғағын Қазақстан нарығына шығару мүмкіндіктері қарастырылды.

Кездесу қорытындысында тараптар тұрақты диалогты жалғастыруға және екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.