
Нью-Йорк, 2026 жылғы 24 қыркүйек - БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Тимор-Лешти Демократиялық Республикасының Сыртқы істер және ынтымақтастық министрі Бендиту душ Сантуш Фрейтаспен кездесуі өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.
Тараптар саяси диалогты дамыту, сондай-ақ сауда-экономикалық, білім беру, мәдениет, туризм және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазақстан тарапы Тимор-Лештиді АСЕАН-ның 11-мүше мемлекеті ретінде ұйымға қосылуымен құттықтап, екіжақты негізде, сондай-ақ Қауымдастық аясындағы ынтымақтастық шеңберінде өзара іс-қимылды дамытуға дайын екенін білдірді.
БҰҰ және басқа да көпжақты алаңдар шеңберіндегі, оның ішінде орнықты даму және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Тараптар тұрақты байланыстарды қолдауға және екіжақты қатынастарды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.