Қазақстан мен Ұлыбритания парламенттік және екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Ұлыбритания парламенттік және екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қауымдар палатасының Қорғаныс жөніндегі арнаулы комитетінің төрағасы Тан Дэси бастаған Парламентаралық одақтың Британ тобының парламенттік делегациясымен кездесу өткізді.

Кездесуге Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасы мен Лордтар палатасының мүшелері де қатысты

Әңгімелесу барысында тараптар парламентаралық диалогты дамытуға және жақында ратификацияланған Қазақстан Республикасы мен Біріккен Корольдік арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан–Ұлыбритания ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.

А. Исетов екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда ол Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Ұлыбритания Парламентінің депутаттары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтудің және екіжақты әрі халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты пікір алмасуды жалғастырудың мәніне тоқталды.

Тараптар Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан конституциялық реформаларды талқылап, Қазақстан–Ұлыбритания әріптестігінің қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Кездесу Астана мен Лондон арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, парламентаралық байланыстарды нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы саяси диалогты жалғастыруға екі тараптың да мүдделі екенін растады.