
Тхимпху, 2026 жылғы 18 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы және Бутан Корольдігіндегі қоса атқарушы Төтенше және Өкілетті Елшісі Азамат Есқараев Бутан Королі Джигме Кхесар Намгьял Вангчукке сенім грамоталарын табыс етті.
Салтанатты рәсім барысында Елші Корольге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізді, сондай-ақ қазақстандық тараптың достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсауға дайын екенін растады.
Рәсімнен кейін Елші А.Есқараевтың Бутан Королімен жеке кездесуі өтті. Король Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз ізгі тілектерін білдіріп, Қазақстанның дамуы мен жетістіктерін мұқият қадағалап отырғанын атап өтті. Ол цифрландыру процестері, жаңа технологияларды дамыту және Astana Hub халықаралық технопаркінің қызметі, сондай-ақ цифрлық экономика, инновациялар мен ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше қызығушылық білдірді. Осыған байланысты Бутанның оңтүстігінде, Үндістанмен шекарада іске асырылып жатқан «Gelephu Mindfulness City» (GMC) жобасы шеңберінде қолдану үшін аталған салалардағы қазақстандық тәжірибені зерделеуге деген қызығушылық та аталып өтті.
Бутан Королі таяу болашақта Қазақстан Республикасына келуге қызығушылық білдірді.
Бутанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Дина Натх Дхунгелмен бөлек кездесу өтіп, онда басты назар қазақ-бутан қатынастарының қазіргі жай-күйіне, оларды одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарына, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге аударылды.
Тараптар сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде туризмді, академиялық ынтымақтастықты және жастар алмасуын одан әрі дамытудың маңыздылығын баса айтты.
Сапар қорытындысы бойынша саяси диалогты одан әрі нығайту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, сауда-экономикалық, технологиялық және гуманитарлық салалардағы практикалық өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ тұрақты байланыстарды ұстану бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.