Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда

Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда

Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов «B5+Италия» диалог алаңының алғашқы отырысына қатысу үшін Астанаға келген Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Мария Триподимен келіссөздер өткізді.

Кездесу барысында тараптар саяси диалогтың жоғары қарқынын атап өтіп, қазақ-итальян стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.

А.Исетов Қазақстанның итальяндық компаниялармен өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде М.Триподи Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, қазақ-итальян қатынастарын нығайтудағы парламенттік дипломатияның маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Италия тарапының Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа жобаларды ілгерілетуге ниетті екенін растады.

Бұл тұрғыда тараптар Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен құрылған «B5+Италия» диалог алаңының Орталық Азия мен Италия арасындағы іскерлік байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара бейілділігін растады.