Біріккен Ұлттар Ұйымының Хатшылығы Қазақстан Республикасының Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы 1947 жылғы 21 қарашадағы конвенцияға (бұдан әрі – Конвенция) қосылуы рәсімдерінің аяқталғаны туралы хабардар етті.
Конвенция халықаралық ұйымдардың дербестігін қамтамасыз етуге арналған бірыңғай құқықтық негізді бекітіп, бұл мекемелердің қызметіне, мүлкіне және қызметкерлеріне дипломатиялық мәртебе мен иммунитет кепілдігін береді.
Қазақстанның Конвенцияға қосылуы БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің қызметі үшін құқықтық негіз қалыптастырып, БҰҰ жүйесімен ынтымақтастықты нығайтуға жалпы оң әсер етеді.
Атап айтқанда, құжатқа қосылу БҰҰ мекемелерінің бағдарламалық қызмет ауқымының, қаржыландыруы мен қызметкерлер санының артуына ықпал етеді, сондай-ақ аталған БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне, елімізде қысқа мерзімдік халықаралық іс-шараларын (семинар, конференция, симпозиум және т.б.) өткізуіне құқықтық мүмкіндіктерді арттырады.
Қазақстан БҰҰ жүйесінің құрылымдарымен орнықты даму, бейбітшілік пен қауіпсіздік, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласын қамтитын кең ауқымды бағыттар бойынша белсенді ынтымақтықты жүзеге асырады. Атап айтқанда, елде БҰҰ-ның бірқатар мамандырылған мекемелерінің, оның ішінде ДДҰ, ФАО, ХЕҰ және ЮНЕСКО-ның елдік және өңірлік өкілдіктері жұмыс істейді.
Қазақстан көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және Ұйымның Орталық Азиядағы өңірлік қатысуының тиімділігін арттыруға ерекше мән береді. Бұл ретте, 2026 жылы ҚР тарапы Алматы қ. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының жұмыс істеуі үшін негіз қалаушы құжаттарды ратификациялауды аяқтады.