
Мазмұны:
______________________________________________________
2026 жылғы қыркүйек айындағы маңызды оқиғалардың бірі 22-28 қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы 81-сессиясының Жоғары деңгейдегі апталығы болып табылады. Сессияның тақырыбы – «Сенімді қалпына келтіру, өзгерістерді басқару: баршаға қызмет ететін БҰҰ» (Restoring Trust, Managing Transformation: A United Nations That Delivers for All).
Күн тәртібінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл және қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтары, жаңа технологиялар мен ЖИ-ді басқару, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының реформасы секілді мәселелер болады. Осы бағыттар Бас Ассамблеяның 81-сессиясының басымдықтарын көрсетеді.
Қазақстан үшін Жоғары деңгейдегі апталық ұлттық және өңірлік бастамаларды ілгерілету, екіжақты байланыстарды нығайту және жаһандық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу тұрғысынан маңызды алаң болып табылады.
Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқаратын болады. Сапар бағдарламасы делегация басшысының Жалпы пікірталастар барысындағы сөз сөйлеуін, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен кездесуін, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволары басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулерін өткізуді көздейді.
ҚР делегациясының Қазақстанның қатысуымен өңірлік ұйымдар мен көпжақты бірлестіктердің (ҰҚШҰ, ИЫҰ, ЭЫҰ, ТМҰ, LLDC және т.б.) бейресми отырыстарына, Жоғары деңгейдегі апталық аясында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының мандаттық іс-шараларына (Даму құқығы туралы декларацияның 40 жылдығы, теңіз деңгейінің көтерілуі, пандемиялардың алдын алу, Дурбан декларациясы мен Іс-қимыл бағдарламасының 25 жылдығы), сондай-ақ Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің консультацияларына (Алматы қаласындағы ОДМ бойынша БҰҰ Өңірлік орталығы қызметінің басымдықтарын талқылау үшін) қатысуы жоспарлануда.
Министрдің Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі жаһандық бастаманың негізін қалаушы алты елдің – Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африканың сыртқы саяси ведомстволары басшыларының баспасөз брифингіне қатысуын ерекше атап өткен жөн.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап шетел азаматының Грузия заңнамасында көзделген жұмыс істеу құқығынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруы оны елден шығарып жіберу негіздерінің қатарына енгізілді.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін Грузияға визасыз кіру және онда 365 күнге дейін болу режимі сақталады. Сонымен бірге визасыз режим елге кіруге және онда болуға құқық беретінін, алайда еңбек қызметін жүзеге асыруға құқық бермейтінін ескеру қажет.
Бұдан бөлек, тиісті рұқсатсыз ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Шетел азаматы елден шығарылған жағдайда, оған Грузия аумағына қайта кіруге 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге тыйым салынуы мүмкін.
Осыған байланысты Грузияда жұмысқа орналасуды, кәсіпкерлік қызметпен немесе өзге де ақылы қызметпен айналысуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына мұндай қызметті бастамас бұрын Грузия заңнамасында көзделген жұмыс істеу құқығының бар-жоғын алдын ала нақтылап алуға қатаң түрде кеңес беріледі.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі азаматтарды Грузияның заңнамасы мен көші-қон талаптарын қатаң сақтауға, сапар мақсатына қарай қойылатын талаптарды алдын ала нақтылауға, сондай-ақ айыппұл салуға, елден шығаруға немесе Грузия аумағына кейіннен кіруге шектеу қоюға әкеп соғуы мүмкін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.
Сонымен қатар Таиланд бірқатар мемлекеттердің азаматтары үшін визасыз болу мерзімін қысқартатынын хабарлаймыз. Іс жүзінде Таиланд билігі екі жыл бұрын қабылдаған, оның негізінде Қазақстанды қоса алғанда, 93 мемлекет пен аумақтың азаматтары үшін бірыңғай 60 күндік визасыз режим енгізілген біржақты шешімінің күшін жойды.
Тай тарапынан аталған шешімді қайта қарау көші-қон саясатын ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық факторларды ескере отырып, жаңарту қажеттілігімен байланысты екені хабарланды.
Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап күшіне енді.
Бұл Қазақстан азаматтары үшін нені білдіреді? 2026 жылғы 15 қыркүйектен бастап Қазақстан азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасында жасалған ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы бұрын қол қойылған келісім қолданылады. Аталған Келісімге сәйкес Қазақстан азаматтары Таиланд аумағында елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз бола алады. Бұл ретте визасыз болудың жиынтық мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күнтізбелік күннен аспауға тиіс.
Басқаша айтқанда, бұдан былай Қазақстан азаматтарының Таиландта визасыз болу мерзімі 60 күн емес, 30 күнді құрайды.
Осыған байланысты Таиландқа баруды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына көші-қон режиміндегі аталған өзгерістерді ескеруді ұсынамыз. Елде 30 күннен астам болу қажет болған жағдайда, тиісті визаны алдын ала ресімдеу қажет.
Индонезия Сыртқы істер министрлігінің шешіміне сәйкес 2026 жылғы шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының азаматтары Индонезия Республикасына 30 күнге дейін визасыз кіре алады.
Визасыз кіру режимін енгізу туралы шешім қабылдау кезінде Индонезия тарапы өзара түсіністік қағидатын басшылыққа алды. Бұған дейін Қазақстан Индонезия азаматтарына Қазақстан Республикасына визасыз кіру және ел аумағында 30 күнге дейін болу құқығын берген болатын. Осылайша, екі ел азаматтарының ұлттық паспорттарының иелері үшін 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз кіру және болу режимі қолданылады.
Индонезия тарапы белгілеген талаптарға сәйкес визасыз кіру тегін жүзеге асырылады және бір рет кіруге мүмкіндік береді. Ел аумағында болудың рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі келген күннен бастап 30 күнді құрайды. Бұл мерзімді ұзартуға, сондай-ақ берілген рұқсатты болудың өзге түріне ауыстыруға жол берілмейді.
Бұл ретте азаматтарға Индонезияға кіру кезінде қолданылатын жалпы талаптарды ескерген жөн. 2025 жылғы 1 қазаннан бастап шетелден Индонезияға келетін барлық жолаушы «All Indonesia» бірыңғай электрондық декларациясын толтыруға міндетті.
Электрондық декларацияны толтыру тегін және оны Индонезияға келгенге дейін алдын ала рәсімдеуге болады.
Көріп отырғанымыздай, соңғы уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары шетелде жүргенде болу елінің заңнамасын білмеу, сондай-ақ шет мемлекеттердің көші-қон, визалық, транзиттік және кедендік талаптарын сақтамау немесе олардан хабарсыз болу салдарынан түрлі қиын жағдайларға тап болатын оқиғалардың саны артып келеді.
Бұл ретте ең алдымен, елде болу мерзімдерін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды алып өтуге әрекет жасау, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында транзитпен өту және болу қағидаларын сақтамау жағдайлары туралы сөз болып отыр.
Осыған байланысты отандастарымызды шетелге шығу алдында баратын елдің, сондай-ақ транзит арқылы өтетін мемлекеттердің заңнамасын, визалық және көші-қон талаптарын мұқият зерделеуге шақырамыз. Паспорттардың, визалардың, елде болуға берілген рұқсаттардың және басқа да қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімдеріне ерекше назар аударған жөн.
Сонымен қатар медициналық сақтандыруды ресімдеуді, әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуды, әуе компанияларының багаж бен транзитке қатысты талаптарын сақтауды, құжаттарыңызды үшінші тұлғаларға бермеуді, сондай-ақ ішіндегі заттардың мазмұнына толық көз жеткізбеген жағдайда бөгде адамдардың сөмкелерін, сәлемдемелерін және басқа да заттарын алып жүруден бас тартуды ұсынамыз.
Шетелге жұмыс істеу, білім алу немесе емделу мақсатында шығатын азаматтар барлық қажетті құжаттардың, шақырулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңнама талаптарына сәйкес дұрыс рәсімделгеніне алдын ала көз жеткізуі қажет.
Жаппай топтық сапарларды ұйымдастырушылармен уағдаластықты тексеру, сондай-ақ келеңсіз жағдайларға арнайы іс-қимылдарды жоспарлау өте маңызды. Мысал ретінде жақында болған резонансты ахуалды атап өтуге болады. Онда 200-ден астам қазақстандық студент АҚШ-та үйсіз-күйсіз қалған болатын. Бақытымызға орай қазіргі уақытта барлығы да Қазақстанға оралды.
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері өз құзыреті шегінде азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсететінін ерекше атап өткіміз келеді. Сонымен бірге болу елінің заңнамасын сақтау және белгіленген талаптарды орындау үшін жауапкершілік тікелей азаматтың өзіне жүктеледі.