
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтің Швейцарияға жұмыс сапары аясында Швейцария Федералдық сыртқы істер департаментінің Бейбітшілік және адам құқықтары дивизионының директоры Тим Эндерлинмен кездесу өтті.
Келіссөздер барысында медиация және превентивтік дипломатия мәселелері, сондай-ақ делдалдық қызметтің практикалық аспектілері бойынша пікір алмасу орын алды. Тараптар алдағы өзара іс-қимылды дамыту және жинақталған тәжірибемен алмасу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.
А. Исетов қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің маңыздылығын атап өтіп, сенім шараларын нығайту, дағдарыстардың алдын алу және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін диалогтың, делдалдықтың және превентивтік тетіктердің маңызын атап көрсетті.
Өз кезегінде Т. Эндерлин швейцариялық медиаторлық құзыреттерді дамыту тәсілдерін, оның ішінде мамандарды даярлау жүйесімен таныстырды. Швейцария бұл салада көптеген жылдар бойы сараптамалық әлеуетін жүйелі түрде дамытып келеді және бітімгершілік пен делдалдық процестерге қатысатын кадрларды кәсіби даярлау бойынша мол тәжірибеге ие.
Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің медиация және превентивтік дипломатия мәселелері бойынша сараптамалық алмасуды жалғастыруға және өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігі расталды.