Астана, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен, Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен, Түрікменстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен және Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы сөйлесті.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақстандық әріптесін Сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі. Сондай-ақ белсенді екіжақты өзара іс-қимыл мен сындарлы ынтымақтастықтың жалғасатынына сенім білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ көпжақты форматтар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтарды іс-жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.
Тараптар алдағы екіжақты және көпжақты іс-шаралардың кестесін де қарастырды.