Мысыр Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Мысыр Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Мысыр Араб Республикасының Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Самех Шехатадан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.

А.Исағалиев мысырлық дипломатты тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі Астана мен Каир арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға серпін беретініне сенім білдірді. Өз кезегінде Мысыр Елшісі миссиясы барысында екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты.

Кездесу барысында тараптар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың негізгі бағыттарына тоқталып, саяси диалог пен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және визалық рәсімдерді жеңілдету мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар дипломаттар алдағы уақытта халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастықты және екіжақты байланыстарды тереңдетуге, сондай-ақ елдер арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға ниет білдірді.