Қазақстан БҰҰ-мен қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту мәселелері бойынша ынтымақтастықты арттыруда

Қазақстан БҰҰ-мен қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту мәселелері бойынша ынтымақтастықты арттыруда

Нұр-Сұлтан, 2020 жылғы 26 қараша – Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы онлайн форматта ұйымдастырған Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу жөніндегі жоғары деңгейдегі жаһандық конференцияда сөз сөйледі. Іс-шараға Орталық Азияның барлық елдерінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, БҰҰ өңірлік өкілдіктерінің басшылары және терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық сарапшылар қатысты.

Сөз сөйлеу барысында отандық дипломат БҰҰ және осы бастаманы қаржыландырған Жапония үкіметіне «Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмнің алдын алу мақсатында жергілікті қоғамдастықтардың орнықтылығын және өңірлік ынтымақтастықты нығайту» жобасын табысты іске асырғаны үшін алғысын білдірді. Жоба шеңберінде 2018-2020 жылдар ішінде ел өңірлеріндегі жастардың әлеуметтік-экономикалық тартылуына және азаматтық белсенділігіне қолдау көрсетілді.

Министрдің орынбасары Қазақстанның Орталық Азиядағы БҰҰ-ның Жаһандық контртеррористік стратегиясы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға бейілділігін атап өтіп, Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы қаңтарда өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жасаған Саяси үндеуінде ұсынған «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу туралы мінез-құлық кодексін» одан әрі ілгерілетудің маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар Е. Ашықбаев қақтығыс аймақтарынан азаматтарды елге қайтару және оларды оңалту саласындағы Қазақстанның бірегей тәжірибесіне халықаралық қоғамдастықтың жоғары қызығушылығын ескере отырып, елімізде жүргізіліп жатқан жұмысқа егжей-тегжейлі тоқталып, БҰҰ жүйесінің агенттіктерімен және осы саладағы басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды жақтады.