Қазақстан мен Иордания саяси консультациялар барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Қазақстан мен Иордания саяси консультациялар барысында екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Амман, 2026 жылғы 24 тамыз – Амман қаласында Қазақстан Республикасы мен Иордания Хашимиттік Корольдігі арасында саяси консультациялар өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев басқарды. Иордания тарапынан консультацияларға Иордания Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрлігінің Бас хатшысы Дайфалла Али Әл-Файез қатысты.

Кездесудің басында Иордания тарапы Қазақстан Республикасының Құрылтайына алғашқы сайлаудың табысты өтуімен құттықтап, оның еліміздің одан әрі саяси дамуы үшін маңызды мәнін атап өтті.

Тараптар Қазақстан-Иордания өзара іс-қимылының оң динамикасын атап өтіп, саяси диалогты одан әрі нығайту және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі іс-жүзіндегі қадамдарды талқылады.

Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға, ауыл шаруашылығы, көлік, туризм және әуе қатынасы салаларындағы өзара іс-қимылға, сондай-ақ консулдық ынтымақтастық пен шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Тараптар сондай-ақ БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, АҚИҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал жеке қаралды.

Халықаралық гуманитарлық құқықты нығайту жөніндегі жаһандық күш-жігер аясында тараптар 2026 жылғы 7 желтоқсанда Иорданияда өтетін жоғары деңгейдегі «Соғыс кезіндегі адамгершілік» (Humanity in War) конференциясына дайындық мәселелерін талқылады. Қазақстан мен Иордания бірқатар басқа мемлекеттермен қатар Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси міндеттемені күшейту жөніндегі жаһандық бастаманың тең құрылтайшылары болып табылады.

Сапар аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары сондай-ақ Корольдік сарай өкілімен келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы Амманға және Иордания Королі Абдалла II-нің Астанаға жасаған өзара сапарларының қорытындыларын шығарды. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын, сондай-ақ екі ел көшбасшылары арасындағы алдағы байланыстардың перспективаларын талқылады.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Иордания саяси диалогын одан әрі нығайтуға және екіжақты ынтымақтастыққа барынша практикалық әрі мазмұнды сипат беруге өзара мүдделіліктерін растады.