
Астана, 2026 жылғы 21 тамыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасындағы Әзербайжан Республикасының Елшісі Алимирзамин Аскеровты қабылдады.
Е.Көшербаев Әзербайжан Елшісін тағайындалуымен құттықтап, Қазақстандағы дипломатиялық миссиясына табыс тіледі.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Мемлекеттер басшылары арасындағы тұрақты байланыстар мен сенімді диалог қазақ-әзербайжан қатынастарының дәйекті дамуының берік негізі екені атап өтілді.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы сұхбаттасын Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етіп, еліміздің дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Осыған байланысты 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы жаңа конституциялық модельді іс жүзінде іске асырудағы маңызды кезең болатыны айтылды.
Сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Екіжақты саудадағы жоғары динамика, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өзара инвестицияларды ұлғайту үшін зор әлеует атап өтілді. Тараптар транзиттік-көлік ынтымақтастығын одан әрі кеңейтудің маңыздылығын да атап өтті. Қазақстан Әзербайжанды Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытудағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастырады.
БҰҰ, ТМҰ, АӨСШК, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.
Кездесу соңында Әзербайжан Елшісі жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухындағы қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал етуге дайын екенін растады.