Қазақстан Елшісі Сербия Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Сербия Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Болат Иманбаев Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичке Сенім грамоталарын тапсырды.

Кездесу барысында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Тараптар ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және құрылыс салаларындағы, сондай-ақ мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, білім беру және туризм бағыттарындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық дипломат Астананың екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.

Өз кезегінде, Сербия Президенті Астанаға жуырдағы сапарын жылы ықыласпен еске ала отырып, Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жеткізді және Қазақстанның Белградта өтетін EXPO 2027 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуын құптады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Сербия арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды бірлесіп іске асыруға бейілділігін растады.