
Астана, 2026 жылғы 12 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) Бас директоры Берік Арынмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Ұйымға мүше мемлекеттерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан мен АҚИҰ арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.
А.Исағалиев АҚИҰ-ны құрудың бастамашысы және қазіргі төрағасы ретінде Қазақстанның оның әлеуетін толық іске асыруға және халықаралық беделін одан әрі арттыруға мүдделі екенін атап өтті.
Өз кезегінде, АҚИҰ Бас директоры бірқатар мақсатты жобалардың іске асырылу барысы туралы, оның ішінде Қазақстан аумағында Ұйымға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығындағы биоалуантүрлілікті сақтауға бағытталған Гендік банк құру жобасы туралы мәлімет берді.
Кездесу соңында тараптар Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) кеңістігіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу мақсатында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.
АҚИҰ 2013 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен ИЫҰ мамандандырылған құрылымы ретінде құрылды. Ұйымның штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан.
2026 жылғы 13-14 мамырда өткен АҚИҰ Бас ассамблеясының
7-сессиясы аясында Ұйымдағы төрағалық Қазақстанға өтті.