Словак Республикасының Елшісі сенім грамотасының көшірмесін табыстады

Словак Республикасының Елшісі сенім грамотасының көшірмесін табыстады

Астана, 2026 жылғы 11 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Словак Республикасының Қазақстанға  жаңадан тағайындалған Елшісі Любомир Регактан сенім грамотасының көшірмесін қабылдады.

А. Исетов словак дипломатын тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі Қазақстан мен Словакия арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты  ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогтың жоғары деңгейін және  сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ  бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға өзара мүдделілікті атап өтті.

Елші Л. Регак жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Астана мен Братислава арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға күш-жігерін салатынын жеткізді.

Тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық салалар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.