Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Хань Чунлиньді қабылдады.
Кездесу барысында тараптар көпжақты форматтар шеңберіндегі Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір алмасты.
Е. Ашықбаев ядролық қарусыздану мен таратпау күн тәртібіне ерекше назар аударып, 2026 жыл аталған салада бірқатар атаулы күндермен белгіленгенін атап өтті. 29 тамызда Семей сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл, 8 қыркүйекте Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа (Семей шарты) қол қойылғанына 20 жыл, ал 24 қыркүйекте Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қол қою үшін ашылғанына 30 жыл толады.
ҚХР Елшісі Хань Чунлинь қытай тарапының өзара мүдделі барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға дайындығын растады.
Кездесу соңында тараптар тұрақты саяси диалогты қолдауға және қазақ-қытай серіктестігін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.