Астана процесі аясындағы Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі кезекті кездесу туралы

Астана процесі аясындағы Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі кезекті кездесу туралы

Ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режиміне кепілгер елдердің өзара келісуімен, Астана процесі аясындағы Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі жетінші халықаралық кездесу 2017 жылы 30-31 қазанда өтеді.

Келіссөздер барысында тұтқындарды, қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, тараптар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастыруға және Сирияда гуманитарлық минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдемені қабылдауға ниетті. Өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелердің талқылануы ықтимал.

Астанада қыркүйекте өткен келіссөздердің алтыншы раунды тараптардың Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыру және Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдемені қабылдаумен аяқталғанды. Сирияда құрылған деэскалация аймақтары аталған қақтығыстың көлемін едәуір төмендетіп Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.