Астана, 2026 жылғы 31 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммитіне дайындық жөніндегі аға лауазымды тұлғалардың үшінші отырысына қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар алдағы Саммитті ұйымдастыру және хаттамалық қамтамасыз ету мәселелерін талқылап, оның күн тәртібінің мазмұны бойынша пікір алмасты.
Орталық Азия мемлекеттері мен Корея Республикасы арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, оның ішінде сауда-экономика, энергетика, цифрландыру және су ресурстары салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Кездесу барысында А.Исағалиев Саммитке сапалы дайындықтың айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, оның өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға, орнықты дамуды қамтамасыз етуге және өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды әзірлеу мен ілгерілетудің маңызды алаңына айналатынын айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Саммитті табысты дайындау және өткізу мақсатында тығыз үйлестіруді жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Іс-шара аясында А.Исағалиев Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Чонг Ый Хиемен жеке кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, саяси диалогтың жоғары қарқынын сақтау және бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.