Астана, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Науман Башир Бхаттимен кездесу өткізді.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы екі ел арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, Астананың екіжақты диалогты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін атап өтті.
Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. ақпанда Пәкістанға жасаған сапарының қорытындыларының айрықша маңыздылығына назар аударды. Аталған сапар барысында Астана мен Исламабад арасындағы қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
Өз кезегінде, Пәкістан Елшісі Қазақстанда болған кезеңінде көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, Исламабадтың Астанамен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында Ермек Көшербаев Пәкістан Елшісіне екі мемлекет арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесін мойындау белгісі ретінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады.