
Астана, 2026 жылғы 13 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Қазақстандағы Оман Сұлтандығының Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Әл-Бахраниді дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, өзара тиімді серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін М. Әл-Бахраниге ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде, Оман дипломаты Қазақстанда қызмет атқару барысында жинақтаған тәжірибесін ерекше атап өтіп, достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Оман Елшісіне Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың алғыс хаты табысталды.