
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің Имидждік жұмыс комитетінің кезекті отырысы өтті.
Комитет мүшелері шетелдегі отандастарды мәдени-гуманитарлық және ақпараттық қолдау бағытында «Отандастар қоры» КеАҚ (бұдан әрі – Қоғам) жүзеге асырып жатқан қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы басым жобаларын қарастырды.
Отырыс барысында Қоғамның вице-президенті Алибек Жұрқадам қордың қызметінің негізгі бағыттары мен қол жеткізілген нәтижелері туралы баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес мүшелері Қоғам қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдіріп, өңірлерде қандастарға қызмет көрсететін фронт-кеңселер желісін кеңейту, шетелдегі отандастарға арналған «Отандастар» журналын қайта шығару, сондай-ақ шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық және қазақ ұлтынан шыққан ғалымдардың қатысуымен тұрақты кездесулер өткізу мәселелерін талқылады.
Отырысты қорытындылаған Имидждік жұмыс комитетінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Отандастар қорының» шетелдегі отандастармен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы қызметіне оң баға беріп, қордың жобалары мен бастамаларын бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығын атап өтті.