Астана, 2026 жылғы 8 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев ҚР-дың АҚШ-тағы Аризона штатындағы Құрметті консулы Хью Холлманмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында білім беру, экономика, инвестиция салаларындағы қазақ-америкалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Қазақстанның серіктес Аризона штатымен кең ауқымды бағыттар бойынша дәйекті түрде дамып келе жатқан өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Екі ел арасындағы академиялық өзара іс-қимылдың жарқын үлгісіне айналған Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона Университеті арасындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Бірлескен білім беру бағдарламаларымен 1 200-ден астам студент қамтылғаны, сондай-ақ ү.ж. 11 шілдеде қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектерін бітіру рәсімі өтетіні аталып өтті.
Бұдан басқа, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар салаларына инвестицияларды тарту, сондай-ақ Қазақстан мен Аризона штаты арасында өзара іскерлік миссиялар ұйымдастыру перспективаларын талқылады.
Аризона штаты жоғары технологиялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және білім беру салалары қарқынды дамыған АҚШ-тың жетекші экономикалық әрі инновациялық орталықтарының бірі болып табылады.