
Астана қаласында «Қазақстан Республикасы – Америка Құрама Штаттары» бизнес-дөңгелек үстелі өтті.
Іс-шара инвестициялар тарту, технологиялар алмасу және бірлескен өндірістерді дамытуға негізделген Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Жиынға екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастықтарының, халықаралық корпорациялардың, қаржы институттарының және сарапшылар қауымының өкілдері қатысып, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Іс-шараға қатысушылар алдында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ҚР Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев, Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Дебора Робинсон, «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев және АҚШ Сауда палатасының аға вице-президенті Хуш Чокси құттықтау сөз сөйледі.
Қ. Шарлапаев Қазақстан мен АҚШ екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуда елеулі жолды жүріп өткенін атап өтті. Оның айтуынша, америкалық компаниялар тәуелсіз Қазақстанның алғашқы стратегиялық инвесторларының қатарында болып, ұзақ мерзімді әріптестіктің негізін қалаған.
«Бүгінде Қазақстанда 600-ден астам американдық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының бірлескен инвестициялары 100 млрд доллардан асты», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол Chevron, ExxonMobil, PepsiCo, Mars, Cove Capital компанияларының және Firebird-NVIDIA серіктестігінің қызметін атап өтті.
«Қазақстанның мұнай-химия және металлургиядан бастап машина жасау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге дейінгі жоғары қосылған құн салаларын дамыту үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Бүгінде біз өндірісті жергіліктендіру және ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған заманауи өнеркәсіптік кластерлерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер жасап жатырмыз», – деді А. Қуантыров.
Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының, сондай-ақ американдық көпұлтты корпорациялардың өкілдері инвестициялық ынтымақтастықты, энергетиканы, көлік және логистиканы, цифрлық трансформацияны, инфрақұрылымдық жобаларды, қаржы секторын және инновацияларды дамыту мәселелерін талқылады.
Іскерлік сессия спикерлерінің арасында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, ҚТЖ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Freedom Holding Corp., BI Group өкілдері болды.
Іс-шараның маңызды қорытындыларының бірі ретінде «Атамекен» ҚР ҰКП мен АҚШ Сауда палатасының Америкалық – Қазақстандық іскерлік кеңесі арасында стратегиялық әріптестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы тікелей өзара іс-қимылды дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және институционалдық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Одан бөлек, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ Сауда миссиясының делегациясымен кездесті.
«Жиырма бес жыл бұрын шетелдік тікелей инвестициялардың шамамен 75%-ы мұнай-газ және металлургия салаларына бағытталған. Бүгінде оның үлесі шамамен 35%-ды құрайды. Бұл экономиканың терең әртараптандырылғанын көрсетеді», – деді А. Қуантыров.
Министрдің орынбасары жоғары қосылған құн инвестицияларының ең жақсы мысалдарының бірі американдық компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылатын жобалар екенін атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға, әсіресе Қазақстанның инвестициялық климаты мен елдер арасындағы сауда-экономикалық серіктестік салаларына қатысты әртүрлі мәселелерді талқылады.